Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрбозованың құттықтауы

 

Құрметті достар!

 

Сіздерді өзімнің және Халықаралық бағдарламалар орталығы ұжымының атынан Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының 27-жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

 

Талантты да талапты жастарымыздың шетелде білім алуына жол ашқан президенттік стипендия өзінің өркендеу жолындағы тағы бір белесіне қадам басты. 27 жыл ішінде «Болашақ» 13 976 азаматқа әлемнің ең үздік оқу орындарында білім нәрімен сусындауына мүмкіндік сыйлады. 10 мыңнан аса түлек еліміздің өркендеуіне етене араласуда.

 

Биыл үкімет қаулысымен үміткерлерді іріктеудің жаңа Ережесі қабылданды.

 

Әлемдік үздік жоғары оқу орындарының тізімі түзіліп, басым мамандықтар тізбесін жасақтау талаптары өзгерді.

 

Үміткерлерді іріктеу кезеңі 6-дан 3-ке дейін қысқарып, Тәуелсіз сараптама комиссиясына қойылар талап та күшейтілді.

 

Барлық квоталық үміткерлер санаттары жойылып, сол арқылы конкурстық іріктеу барысында тең мүмкіндіктер алға тартылды.

 

Ауылдық жастарға бағдарлама шеңберінде жеңілдіктер ұсынылып, мемлекеттік тілді игеру мәселесіне ерекше назар аудартылды.

 

Ең бастысы, 2020 жылдан бастап «Болашақ» стипендиясына құжат қабылдау мен конкурстық рәсімдер толығымен автоматтандырылып, пандемия жағдайында үміткердің үйден шықпай-ақ құжат тапсырып, тестке қатысуына заманауи қолайлы жағдай туғызды.

 

Осылайша, халықаралық білім беру саласындағы баламасы жоқ бағдарламаның әр қазақстандық үшін қолжетімділігі арта түсті.

 

«Болашақтың» көкжиегі кең, келешегі кемел болғай!

 

Құрметпен,
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова