Конкурстық іріктеуге дайындық бойынша ұсыныстар.

 

Биылғы жылдан бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін конкурстық іріктеу онлайн режимінде өткізіледі.

Онлайн платформада сізге арнап жеке кабинет құрылады. Онда сіз бағдарлама мен іріктеу рәсімі туралы барлық хабарламаларды бақылай аласыз, сонымен қатар жоспарланған іріктеу турларынан өтіп, нәтижелеріңізді біле аласыз.

 

Материалдық – техникалық қамтамасыз ету:

 

Бұл үшін сізге веб-камера, микрофон және Chrome браузері орнатылған  жеке компьютер қажет. Жеке кабинетке кіру үшін басқа электрондық құрылғыларды (смартфондар, планшеттер және басқа гаджеттер), әсіресе тестілеу және сұхбаттасу кезінде пайдалануға болмайды. Көптеген компьютерлерде веб-камера мен микрофон орнатылған, бірақ сыртқы камера мен микрофонды да қосуға болады.

Safari, Internet Explorer, Mozilla және басқа да браузерлерді пайдаланбаңыз, өйткені олар қажетті форматты көрсетпейді. Chrome браузерін пайдаланғаныңыз жөн.

Көрсетілген құрылғылардың жұмыс қабілеттілігіне алдын ала көз жеткізуіңізді сұраймыз, сонымен қоса интернетке қосылу жылдамдығы кем дегенде 5 мбит/сек болуы қажет.

Жұмыс орнында желілік интернетті пайдаланбағаныңыз жөн, себебі сіздің ұйымыңыздағы ақпараттық қауіпсіздік қызметі бұғатталып қалуы мүмкін.

 

 Үміткерлерге хабарлау:

 

Сауалнама деректерін толтыру кезінде сіз көрсеткен байланыс телефондарының, электрондық пошта мекенжайларының дұрыс жазылғандығына көз жеткізіңіз, сондай-ақ электрондық поштаңызға кіріс хаттар туралы хабарламаны қосуды ұсынамыз.

Сіздің электрондық поштаңызға жеке кабинетіңізге кіруге арналған логин мен уақытша құпия сөзі бар хабарлама келеді.

Сізге:

1) құпия сөзді дереу өзгерту;

2) жеке кабинетпен танысу қажет.

Платформада сұрақтар туындаған жағдайда техникалық қолдауға жүгінуге болады.

Сіздің электрондық поштаңызға, телефоныңызға, сондай-ақ жеке кабинетіңізге турдың ашылғаны туралы хабарлама күнтізбелік 5 күн бұрын келеді.

 

 

 Конкурстық іріктеудің I-ші туры — кешенді тестілеу

 

Бұл кезеңде үміткерлер мыналарды өтеді:

 

–  қысқа мерзімде жаңа ақпаратты талдау қабілетінің деңгейін анықтауға бағытталған вербалдық және сандық ақпаратты талдауға арналған тестілер;

– үміткердің жеке-іскерлік қасиеттері және үміткердің шетелде оқуға психологиялық дайындығы туралы ақпаратты құрылымдық түрде жинауға мүмкіндік беретін жеке сауалнама. Тиімді қарым-қатынас жасауға және қиындықтармен эмоционалдық жағынан күресе отырып, жаңа ортаға бейімделуге, шешім қабылдауға және ойына алған мақсатын іске асыруға мүмкіндік беретін құзыреттерді көрсететін әлеует қалыптастыру.

Тестілеудің алдында уақыт мөлшері белгіленбеген мысал сұрақтарға жауап беруге мүмкіндігіңіз болады.

Тест тапсыру кезінде үзіліс жасауға тыйым салынады. Сіз осы тесттердің арасында үзіліс жасауды жоспарлай аласыз, бірақ тестті тапсырып жатқанда үзуге болмайды.

Кешенді тестілеуді сандық немесе вербалдық тесттерді тапсырудан бастауды ұсынамыз, өйткені оларға көбірек уақыт пен назар аудару қажет.

Сіз стандартты калькуляторды, қаламсап пен қағазды қолдана аласыз.  Смартфондарда, гаджеттерде және басқа байланыс құрылғыларында орнатылған      калькуляторды қолдануға тыйым салынады. Тестілеуден қайта өтуге болмайды.

 

Дайындық және өту шарттары:

 

Тесттер мен сауалнамалардан өтуге дайындық қажет емес, өйткені бұл кез келген саладағы білімді тексеруге арналған сынақ емес. Арнайы уақыт бөлу, орынжайды дайындау қажет және сізді ештеңе алаңдатпауы тиіс (басқа адамдар, шу, гаджеттер, теледидар).

Бұл кезеңде нәтижелерге іріктеу жүргізілмейді. Бұл жерде Тәуелсіз сараптамалық комиссиясы ескеретін үміткерлердің жеке ресурстары мен әлеуеті туралы құрылымданған ақпаратты алуға болады.

 

МАҢЫЗДЫ!

 

  • Кешенді тестілеуде аудио және бейнежазба жүргізіледі;
  • Браузер (сайт) терезесі жабылылып қалған жағдайда, іріктеу кезеңінің нәтижелері автоматты түрде жойылады;
  • Сайт қойындылары жабылып қаллған жағдайда, іріктеу кезеңінің нәтижелері автоматты түрде жойылады, сайт қойындылары ашық болуы тиіс;
  • Тест түрлерінің бірін тапсыра бастаған болсаңыз, соңына дейін өтуіңіз қажет. Бұл тармақ бұзылған жағдайда, іріктеу кезеңінің нәтижелері автоматты түрде жойылады

 

 Конкурстық іріктеудің II-ші туры – Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен анонимді дербес әңгімелесу   

 

Бұл кезеңде үміткердің кәсіби дайындық деңгейі, теориялық білімі және таңдалған мамандану саласындағы кәсіби құзыреттерінің болуы анықталады.

Үміткерге 4 блок бойынша мемлекеттік, орыс немесе болжамды оқу тілінде мына төмендегілерді анықтау мақсатында сұрақтар қойылады:

  • үміткердің кәсіби дайындық деңгейі (практикалық дағдылар);
  • таңдаған оқу мамандығы бойынша базалық білім деңгейі
  • (теориялық дағдылар);
  • мамандықты дұрыс таңдағанын түсіну деңгейі және дәлелдеу;
  • жағдаяттық есептерді шешу дағдылары.

 

 Әңгімелесуге қалай дайындалу керек?

 

 Кешенді тестілеуден өткеннен кейін үміткердің жеке кабинетінде сіздің мамандық бағытыңызға сәйкес әңгімелесуден өту күні мен уақытын таңдау мүмкіндігі пайда болады (мамандық бағытын мамандық тізбесі бойынша анықтай аласыз).

Күндер бойынша орындар саны шектеулі, белгіленген уақытты қайта қарауға құқығыңыз жоқ екендігін ескертеміз. Уақыт айырмашылығын да ескерген жөн. Әңгімелесу уақыты Нұр-Сұлтан қаласының уақытына сәйкес көрсетіледі.

Турдан өту үшін мыналарға назар аударыңыз:

  • әңгімелесу туры өтетін жүйеге кіріңіз, жеке кабинетте көрсетілген әңгімелесу уақытына дейін 20 минут бұрын дайын болуға тиіссіз;
  • әңгімелесу онлайн режимде өткізіледі және аудио/бейнежазба жүргізіледі;
  • іріктеудің осы кезеңінен қайта өтуге рұқсат берілмейді;
  • бұзушылықтар анықталған жағдайда іріктеу нәтижелері жойылады.

Өзіңіздің сыртқы келбетіңізге назар аударыңыз. Жақсы әсер қалдыру үшін Сіз әдемі көрінуге міндеттісіз! Сіздің киіну әдебіңіз іскерлік стильде болғаны дұрыс. Іскерлік стильдің ерекшелігі – сіздің көңіл-күйіңіз бен қатынасыңызды өзгертеді, құрметіңізді арттырады.

Мобильді әдеп сіздің телефоныңыз бен басқа құрылғыларыңыз айналадағыларға кедергі келтірмеуін талап етеді. Әңгімелесу уақытында соғылған кездейсоқ қоңырау Сіздің сұхбаттасушыңызға немесе өзіңіздің ой толғауыңызға кедергі жасауы мүмкін.

 

         Әңгімелесу күні Сізді не күтіп тұр?

 

 Бірінші кезекте, әңгімелесу алдында қобалжып, бірдеңені асыға жаттаудың қажеті жоқ.

Сұрақтардың легі бойынша дайындалу ТСК мүшелері алдында өзіңіздің біліміңізді, дағдыларыңыз бен білігіңізді, таңдаған мамандығыңыз бойынша қабілетіңізді көрсетуге көмектеседі:.

Болжалды оқу бағдарламасы, шетелдік ЖОО және оқу елі туралы сұрақтарға ауылдық жерден магистратураға үміткер ретінде конкурсқа қатысатын үміткерлерге де дайындалу МАҢЫЗДЫ. Әңгімелесу барысында ұсынылған оқу бағдарламасын оқып-үйренгеніңіз Сіздің білім беру мәселесіне шынайы кіріскеніңізді көрсетеді.

Өзіңіз оқуға түскелі жатқан оқу елі туралы         ақпаратты көбірек жинаңыз. Шетелдік жоғары оқу орындарының ресми сайттарында оқу елі, үміткерге қойылатын талаптар туралы бүкіл ақпарат болады, сонымен қатар таңдаған факультет/мектебіңіздің ғылыми-оқытушылық құрамы туралы да ақпарат болуы мүмкін. Жоғары оқу орындарының академиялық, пәндік немесе өңірлік бағыттар бойынша халықаралық рейтінгімен танысқаныңыз артық болмас.

Әңгімелесу барысында қойылатын сұрақтардың барлығын білу мүмкін емес. Бірақ кез келген адамның өзіне қойылуы мүмкін сұрақтарға болжам жасай отырып, оған жауап дайындауға күші жеткілікті. Сіздің берген жауаптарыңыз үкіметаралық келісімдер шеңберінде шетелдік жоғары оқу орнында оқуға лайықты екеніңізді ТСК мүшелеріне сендіруі тиіс.

 

 Нәтижесі

 

Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен өткен әңгімелесуден кейін үміткерлердің материалдары түпкілікті шешім қабылдау үшін Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның қарауына III-турға енгізіледі.

Республикалық комиссия отырысының хаттамасы 10 күннің ішінде Қоғамға келіп түседі және 1 күн өткеннен кейін конкурс жеңімпаздарының тізімі Қоғамның ресми сайтында жарияланады.

Егер де сіз «Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімінде болсаңыз, онда «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ға хабарласуыңыз қажет. Сондай-ақ, оқу еліне бару үшін виза алу туралы мәселені алдын-ала қарастырып, шешуді ұсынамыз.

Ал егер де осы тізімде болмай қалсаңыз, бұл жағдайды соншалықты ауыр қабылдамаңыз. Келер жылы конкурстық іріктеуге қайта қатысуға және одан әрі өзіңізді дамытуға берілген мүмкіндік ретінде позитивті қабылдаңыз. «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына бірнеше рет қатыса отырып, конкурстық іріктеуден өткен үміткерлердің де болғанын ескерткіміз келеді.

 

Сәттілік серік болсын!!!