Үкіметаралық гранттар шеңберінде Венгрияның жоғары оқу орындарында оқу

 

Венгриядағы жоғары білім беру жүйесінің ұзақ тарихы бар. Елдің алғашқы университеттері 14 ғасырда ашылды. Венгрия – Қазақстандық студенттер үшін танымал бағыт. Бұл ретте қазақстандықтардың басым бөлігі 2013 жылы құрылған Stipendium Hungaricum стипендиялық бағдарламасы бойынша оқиды.

 

Жыл сайын Венгрия Үкіметі Stipendium Hungaricum стипендиялық бағдарламасы шеңберінде бакалавриат, бакалавриат пен магистратура, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алғысы келетін қазақстандық жастар үшін 250 оқу грантын бөліп келеді. Құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеуді жүргізу рәсімдерін Халықаралық бағдарламалар орталығы жүзеге асырады.

 

Бағдарлама
– Оқу ақысын;
– Медициналық сақтандыруды;
– Бакалавриат және магистратура бағдарламалары үшін шамамен 130 еуро болатын ай сайынғы стипендияны (докторантура бағдарламасы үшін 325 еуро);
– Студенттерге арналған жатақхана орындарын қамтиды.

 

Қазақстандықтардың 29 венгр университетін және 600-ден астам оқу бағдарламасын таңдау мүмкіндігі бар. Студенттер ағылшын немесе венгр тілдерінде оқи алады.

 

Ал оқу бағыттары мынадай:
• Агрономия, Табиғи ресурстар;
• Өнер (көрнекі және орындаушылық);
• Бизнес, Менеджмент және Мемлекеттік басқару;
• Медицина және Денсаулық туралы ғылымдар;
• Гуманитарлық және мінез-құлық ғылымдары, Білім;
• IT, Информатика, Математика;
• Құқық, Әлеуметтік ғылымдар;
• Жаратылыстану ғылымдары;
• Технология, Инженерия, Сәулет;
• Туризм.

 

Венгр тілінде оқығысы келетіндер ұзақтығы 12 айдан аспайтын венгр тілі курстарынан өте алады.

 

Оқуға түсу талаптары университеттерге, бағдарламалар мен оқу мамандықтарына байланысты әр түрлі болып келеді.
Университеттердің қабылдау комиссиялары болса мынадай құжаттарды талап етеді:
– Түйіндеме;
– Мотивациялық хат;
– Төлқұжат көшірмесі;
– Шет тілін білетіндігін растайтын сертификат (IELTS, TOEFL);
– Транскрипт/қосымшасы бар диплом;
– 2 ұсыныс хат.

 

2021-2022 оқу жылында оқуға құжаттарды қабылдау 2020 жылдың желтоқсан айында басталады.

 

Мүмікіндікті жіберіп алмаңыздар!