Қадиша ДАЙЫРОВАНЫ 70 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!

 

 

Құрметті Қадиша Нұрділдәқызы,

 

Сізді жүрекжарды ізгі ниетпен өзімнің және «Болашақ» президенттік стипендиясының әкімшісі – Халықаралық бағдарламалар орталығы ұжымының атынан 70 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймын!

 

Тәуелсіз мемлекетіміздің мұрат-мүддесі жолында талмай тер төгіп, үлгілі ұстаз, тәжірибелі дипломат және білікті басшы ретінде өнегелі еңбек жолыңызды өрнектеген жанның бірісіз. Ұзақ жылдар отандық білім беру саласында белсенді қызмет атқардыңыз, оның беделін халықаралық ынтымақтастық аясында арттыруға мол үлес қостыңыз.

 

​Сіздің есіміңіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген «Болашақ» бағдарламасы үшін қашанда ерекше. Халықаралық бағдарламалар орталығының бастауындағы санаулы басшылардың бірі ретінде президенттік стипендияның дамуына үлкен еңбегіңізді арнай білгеніңіз үшін Сізге зор алғысымды жеткізгім келеді.
«Болашақтың» заман көшіне сай жаңғырып, келешегінің жарқын болуына аянбай атсалыстыңыз.

 

​Бүгінде өзіңіз басшылық ететін Назарбаев университеті сол «Болашақ» түлектерінің ең көп бөлігі қызмет етіп жатқан елдегі озық оқу орнына айналғанын мақтан тұтамыз. Осы үрдіс лайым сақтала отырып, университетпен арадағы серіктестік қарым-қатынасымыз жоғары деңгейде жалғаса беретініне кәміл сенімдімін.

 

Сіздің осынау парасат болмысыңыз бен ұлтқа қызмет жолындағы ерен еңбекқорлығыңыз үшін тағы бір мәрте ризашылығымды білдіре отырып, бүгінгі мерейтой жасыңызда деніңізге саулық, отбасыңызға шаттық, еңбегіңізге сәттілік тілеймін.

 

​Бауырыңыз бүтін, шуақты күндеріңіз көп болғай. Қызметте толағай табыстарға кенеліп, абыройыңыз асқақтай берсін!

 

Ізгі тілекпен,

 

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова