SUCCESS STORY

 

 

Әбділда Шәменов – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ұлыбританиядағы Манчестер университетінде «Инновациялар мен кәсіпкерлікті басқару» мамандығы бойынша магистратураны тәмәмдаған.

 

Нұрбек Еңсебаев – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Мәскеу энергетика институтын (Ұлттық зерттеу университеті) «Жылуэнергетика» мамандығы бойынша бітірген.

 

«Болашақ» бағдарламасының бұл түлектері SEZUAL стартапының негізін қалаушылар болып табылады. Олар аппараттың өнертапқышы Ғалымжан Ғабдрешовпен және ақылдастар тобымен бірге зағип жандар үшін айналаны көру мүмкіндігін сыйлайтын бірегей құрылғы жасаумен айналысады.

 

SEZUAL – бұл зағип және нашар көретін адамдарға арналған көмекші құрылғы, ашық кеңістікте еш жәрдемсіз жүруге мүмкіндік береді.
Құрылғы жоғары импульспен белгілі бір шертпе арқылы нысандардың пішіні, материалы, оларға дейінгі қашықтық пен қозғалыс бағыты туралы ақпаратты шығарады. Ол кері жаңғырық арқылы мидың көру бөлігіне әсер етеді.

 

SEZUAL аппараты стифло құрылғылары бойынша 30 жылдан астам тәжірибесі бар француздық CECIAA компаниясына таныстырылған болатын. Компания өнертабыстың жаңалығын растады.

 

Түлектер командасы Дүниежүзілік банктің Нәтижелі инновациялық ынталандыру жобасы бойынша грант ұтып алды. Сондай-ақ Назарбаев Университетінде жетілдіру бағдарламасынан өтіп, Astana Hub технопаркінде салықтық жеңілдіктерге ие болды.