МАЖАРСТАНДА ТЕГІН БІЛІМ: UNIVERSITY OF SZEGED

 

2020 жылғы 20 желтоқсаннан бастап 2021 жылдың 29 қаңтарына дейін Үкіметаралық гранттар шеңберінде Мажарстанның жоғары оқу орындарында оқуға құжаттар қабылданып жатыр.

 

Бүгінде Мажарстанда әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдіктерді оқуға қабылдайтын жиырмаға жуық университет бар.

 

Солардың бірі University of Szeged оқу орнына тоқталамыз.
Бір қызығы, Мажарстанның бұл жетекші университеті ел астанасында емес, Тиса өзенінің жағасындағы әсем провинциялық Сегед қаласында орналасқан. Сегед университеті – Мажарстанның және бүкіл Орталық Еуропаның ең беделді университеттерінің бірі болып табылатын ірі ғылыми-зерттеу мекемесі.

 

Оқу орны 1581 жылы құрылған. Бүгінгі таңда университет 12 факультеттен тұрады: медицина, ауыл шаруашылығы, инженерия, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, экономика, бизнес, құқық, өнер, педагогика және жаратылыстану ғылымдары сияқты салаларда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын ұсынады. Білім ордасының құрамына Альберт Сент-Дьерди беделді медициналық университеті кіреді. Оның негізінде медицина, денсаулық сақтау, стоматология және фармацевтика салаларындағы ең жақсы бағдарламалар ұсынылады.

 

Университетте Венгрия Ғылым академиясының қолдауымен 20-ға жуық ғылыми-зерттеу бірлестіктері жұмыс істейді. Оқу орнының қабырғасында түрлі салалар бойынша 700-ден астам зерттеулер жүргізіледі, олардың ішіндегі ең маңыздысы фармацевтика, химия, биотехнология және қоршаған орта ғылымдарына тән.

 

Сегед университеті көптеген серіктестермен ынтымақтастық орнатқан. Бұл студенттерге ірі компанияларда тағылымдамадан өтуге және шетелде тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп келеді.