Халықаралық бағдарламалар орталығы мен Мемлекеттік басқару академиясы әріптестікті нығайтуға уағдаласты

 

Бүгін Халықаралық бағдарламалар орталығы мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

 

Оған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл қатысты.

 

Меморандумға сәйкес, ынтымақтастықтың негізгі мақсаты «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша бірлескен жоспарларды жүзеге асыру, өзара ақпарат алмасуға жол аша отырып, қос тараптың қызметкерлерін мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау курстары мен семинарларына, өзге де бастамаларға тарту.

 

Сонымен қатар меморандум шеңберінде бірлескен дөңгелек үстелдер, бос орындар жәрмеңкелерін, ашық есік күндерін, «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектерімен кездесулерді және басқа да іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда.

 

Кездесу барысында Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозова бүгінде Мемлекеттік басқару академиясының қабырғасында «Болашақ» бағдарламасының 20 түлегі табысты еңбек етіп жатқанын атап өтті. «Сондықтан алдағы тығыз серіктестік үшін бұл құжаттың маңызы айрықша. Мен 2021 жылы Академиямен арада көптеген бірлескен жобалардың жүзеге асырылатынына сенімдімін», – деді ол.

 

Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл де «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол өз кезегінде «Болашақ» халықаралық стипендиясының бүкіл әлемде баламасы жоқ жоба екенін айта келе, бүгінгі ынтымақтастық оқу орны үшін бағдарлама түлектері арасынан дарынды жастарды тартуға және мемлекеттік қызмет персоналының тиімділігін арттыруға ықпал ететін ерекше атап өтті.

 

Кездесу соңында тараптар болашақта жүзеге асыруға ниетті жоба- жоспарларымен бөлісіп, жемісті ынтымақтастыққа қазірден дайын екендіктерін білдірді.