Халықаралық бағдарламалар орталығы мен «Атамекен» ҰКП өзара ынтымақтастыққа қол жеткізді

 

Бүгін Халықаралық бағдарламалар орталығы мен «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

 

Оған Орталық президенті Айнұр Кәрібозова мен «Атамекен» ҰКП Аппарат басшысы Нұралы Бөкейханов қатысты. Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша бірлескен жоспарларды жүзеге асыру және бос жұмыс орындары туралы өзара ақпарат алмасу. Сонымен қатар, меморандумға сәйкес, тараптар екі жақтың тиімділігі үшін қажетті семинарлар, тренингтер, дәрістер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, форумдар мен басқа да іс-шараларды бірлесіп өткізуге ниетті.

 

Өз сөзінде Айнұр Кәрібозова «Атамекен» ҰКП еліміздің барлық кәсіпкерлерін біріктіретін ірі ұйымдардың бірі екенін және бүгінгі күні палатада «Болашақ» бағдарламасының 9 түлегі еңбек етіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, «Болшақ» бағдарламасының түлегі Олжас Ордабаевқа президенттік стипендияға үміткерлерді іріктеудің ашықтығын қамтамасыз етуде Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшесі ретінде қосқан үлесі мен ынтымақтастығы үшін алғысын жеткізді.

 

«Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Атамекен» ҰКП Аппарат басшысы Нұралы Бөкейханов «Болашақ» бағдарламасы қатардағы қызметкерден бастап топ-менеджерге дейін мансап жолымен көтерілуге мүмкіндік беретін әлеуметтік лифт болып табылатынын айтты. «Ішкі ережелерге сәйкес «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің ішінен «Атамекен» ҰКП-ға жұмысқа орналасуда еңбек өтілі бойынша талаптар өзге үміткерлерге қарағанда 2 есе аз. Президенттік стипендия түлектері біз үшін қашанда үлкен маңызға ие», – деп атап өтті ол.

 

Кездесу соңында тараптар өзара іс-қимылға дайын екендіктерін білдірді.