Bolashaq talks

 

Бүгін «Bolashaq talks» пікірталас алаңында «Болашақ» бағдарламасының түлектерін еліміздің оңтүстік өңірінде жұмысқа орналастыру және мансаптық мүмкіндіктерін талқылауға арналған онлайн-кездесу өтті.

 

Кездесудің спикерлері ретінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Дария Қожамжарова және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова қатысты.

 

Түркістан қаласының «Visit Centre» туристерге қызмет көрсету орталығының директоры Ерасыл Төлебаев кездесудің модераторы болды.

 

Дария Қожамжарова өзінің баяндамасында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тарихына тоқталып, бүгінде университет 14 халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтардың мүшесі екенін атап өтті.
ОҚМУ әлемнің 23 елінің 170-тен астам университеттерімен, серіктестерімен және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен жұмыс істейді. Еуропа және ТМД елдерінің университеттерімен академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыруда.
Дария Қожамжарова сөзінің соңында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі бос жұмыс орны туралы ақпарат университеттің ресми сайтында орналастырылғандығын айтты.

 

Ерасыл Төлебаев Түркістан қаласының әкімі Рашит Аюповтың баяндамасында қозғалған мәселелерге тоқталды. Онда ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін жоғары білікті кадрлар, әсіресе шетелде білім алған мамандар қажет екендігі туралы айтылған.
«Түркістан қаласы жас мамандарға зор мүмкіндіктер ұсынып отыр. Осы онлайн кездесуде «Болашақ» бағдарламасының түлектері бізді тыңдап отырғандықтан, білімдеріңіз бен шетелден алған тәжірибелеріңізді жүзеге асыру үшін аймаққа жұмыс істеуге шақырамыз және біз сіздермен жұмыс істеуге дайынбыз», деді Ерасыл Төлебаев.

 

Айнұр Кәрібозова өз сөзінде «Болашақ» стипендиясының ашықтықтығын қамтамасыз ету және барлық үміткерлерге бірдей мүмкіндіктер ұсыну үшін халықаралық стипендияны тағайындау ережесіне маңызды өзгерістер енгізілгендігін айтты.

 

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан 353 стипендиат білім алды. Оның 258-і Шымкент қаласынан, 95-і Түркістан облысының тұрғыны.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласында 68 және Түркістан облысында 34 «Болашақ» бағдарламасының түлегі еңбек өтілін атқарып жатыр.

 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Болашақ» бағдарламасының 37 түлегі қызмет етуде.